Петропавлда цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге арналған ауқымды семинар-тренинг өтті. Шара республикалық «КиберАй» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Басты мақсат – тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің кибергигиена бойынша білімін арттырып, цифрлық құжаттармен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру. Жиынға мемлекеттік қызметшілер, информатика пәнінің мұғалімдері және ақпараттық технологиялар саласының мамандары қатысты. Семинар барысында елордадан келген сарапшылар кибершабуылдардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Атап айтқанда, қарапайым электронды хат немесе құжаттың өзі ақпараттық жүйеге қауіп төндіруі мүмкін екені айтылды.
«Қарапайым құжаттың қалайша мемлекеттік секторға қауіп төндіретін күрделі шабуылға айналуы мүмкін екенін талдаймыз. Зиянды бағдарламалар қорғалмаған желілерге әртүрлі шлюздер арқылы енуі мүмкін. Соның бірі – электронды пошта. Поштаға келетін файлдардың барлығы бірдей қауіпсіз емес. Бүгін қатысушыларға олардың қауіпті немесе қауіпсіз екенін анықтау жолдарын көрсетемін», — деді tLab Technologies компаниясының инженері Сергей Подскребкин.
Қатысушылар үшін практикалық алаңдар да ұйымдастырылды. Мамандар заманауи қорғаныс жүйелерімен жұмыс істеу тәсілдерін тәжірибе жүзінде пысықтады. Сондай-ақ желі периметрін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/aleksej-lwcenko-aziya-ojyndarynyng-alty-duerkin-zhengimpazy/

