Швеция астанасы Стокгольмде қазақстандық режиссер Думан Еркімбектің «Қайтадан» (Restart) фильмі көрсетілді. Азия кинофестивалі аясында өткен мәдени шара туралы Стокгольмде тұратын Qazaqstan Media сайтының тұрақты оқырманы әрі жазылушысы редакциямызға хабарлап, көрсетілімнен алған әсерімен бөлісті.
18 қыркүйекте өткен көрсетілім Қазақстанның Швециядағы Елшілігі мен «Достар» қазақ мәдени бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Шараның мақсаты — швед көрермендерін заманауи қазақ киносымен таныстырып, Қазақстан мен Швеция арасындағы мәдени байланысты нығайту.
Кешке дипломатиялық корпус өкілдері мен киноға қызығушылық танытқан көрермендер жиналды. Фильм қазақ тілінде, ағылшын тіліндегі субтитрлермен көрсетілді. Көрсетілімнен кейін қонақтар туынды туралы пікір алмасып, қазіргі қазақ киносының дамуы мен онда көтеріліп жүрген тақырыптарды талқылады.

«Стокгольмде қазақ тіліндегі фильмнің үлкен экраннан көрсетілгенін көру ерекше әсер қалдырды. Шетелде жүріп, қазақ киносына деген осындай ықыласты көру қуантады. Мұндай көрсетілімдер Қазақстанды мәдениет арқылы танытуға үлкен мүмкіндік береді», — деп бөлісті Стокгольмдегі Qazaqstan Media оқырманы Гаухар Мұқатаева.
«Қайтадан» фильмінің желісі бір күнді қайта-қайта бастан өткеруге мәжбүр болған жасөспірімнің тағдырына құрылған. Ол ауылын және отбасын келе жатқан апаттан құтқаруға тырысады. Картина арқылы авторлар жауапкершілік, таңдау, отбасы құндылығы және жастардың қоғамдағы өзгерістерге ықпалы секілді мәселелерді көтереді.

Стокгольмдегі қазақ қауымдастығы да шараның өтуіне белсенді атсалысты. «Достар» бірлестігінің өкілдері мұндай кездесулер алыста жүрген отандастар үшін ғана емес, шетелдік көрермендерге Қазақстанның мәдениеті мен қазіргі өнерін таныстыру үшін де маңызды екенін көрсетіп отыр. Азия кинофестиваліндегі қазақстандық туындылар мұнымен шектелмейді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Назарбаев көшесінде жаяу жүргінші қаза тапты

