Қазақстанда қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігі әзірленеді. Бұл туралы Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Соңғы уақытта қоғамда «қыркүйек» сөзін «қыргүйек» деп жазу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ерлан Қариннің айтуынша, бұл тек тіл мамандары мен әдеби ортаның мәселесі емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, сөздердің дұрыс айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты.
«Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік»,-деп жазды әлеуметтік желіде.
Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Кейін ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі. Қазақ тілінің Орфографиялық сөздігі соңғы рет 2013 жылы жарық көрген. Содан бері қолданысқа көптеген жаңа сөздер енді. Ерлан Қарин қазіргі пікірталастардың туындауына осы жағдайдың да әсері бар екенін жеткізді.
Оның сөзінше, жаңа сөздікті әзірлеуде асығыстық танытуға болмайды, бірақ жұмысты созуға да уақыт жоқ. Жобаға Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағы секілді ұлттық деңгейдегі бастама ретінде қарау ұсынылып отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тағы алты жол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылайтын болады

