Солтүстік Қазақстан облысындағы өзен-көлдердің, бұлақтардың, төбе-таулар мен елді мекендердің бұрынғы тарихи атауларын анықтау жұмыстары басталды. Уақыт өте өзгертілген немесе ұмыт қалған жер-су атаулары архив құжаттары, көне карталар және жергілікті тұрғындардың естеліктері арқылы зерттелмек, деп жазады Qazaqstan Media.
Осы мақсатпен өңірге ғалым-ономастар келді. Мамандар Петропавлда өлкетанушылармен, тарихшылармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірдің көне топонимдеріне қатысты деректер жинауда.
Жобаның басты міндеттерінің бірі — географиялық атаулардың шығу тарихын жүйелеу және жер-су атауларының топонимиялық сөздігін әзірлеу.
«Сөздікте әрбір атауға қатысты мәлімет, оның ішінде белгілі бір нысанның не себепті дәл осылай аталғаны туралы деректер жинақталады», — дейді жоба жетекшісі Гүлнар Бекенова.
Зерттеушілер бастапқы атауларды анықтау үшін архив құжаттарына, көне карталарға және басқа да тарихи дереккөздерге жүгінеді. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жергілікті аңыздар мен ауызша деректерге ерекше мән береді.
Бүгінде экспедиция мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының сегіз ауданында болып үлгерді. Алдағы уақытта жиналған материалдарды толықтыру үшін жергілікті тарихшылар мен өлкетанушыларды да жұмысқа тарту жоспарланып отыр.
Жоба аясында 3GIS интерактивті картасы да жасалмақ. Оның ерекшелігі — картадан әрбір елді мекеннің немесе географиялық нысанның атауын ғана емес, оның мағынасын, шығу тарихын және фотосуреттерін де көруге болады.
Интерактивті картаға тек елді мекендер мен көше атаулары ғана емес, тау-тастар, өзен-көлдер, бұлақтар және басқа да жер-су нысандары енгізіледі. Осылайша пайдаланушылар өңірдің тарихи топонимдері туралы жан-жақты ақпаратқа қол жеткізе алады.
Мәселе тек ғылыми зерттеумен шектелмейді. Бүгінде бірқатар тарихи атаулар заманауи карталар мен электронды ақпараттық базаларда кездеспейді. Кей жағдайда жер атаулары орыстандырылған нұсқада немесе латын әрпімен транслитерацияланып көрсетіледі. Ал қазақ тіліндегі төл дыбыстар мен тарихи атаулар электронды жүйелерде әрдайым дұрыс берілмейді.
Экспедициялық жұмыстар аяқталған соң зерттеушілер барлық жиналған ақпаратты жүйелеп, нәтижесін Астанада ұсынады. Жобаның қорытындысында өңірдің тарихи топонимдерін одан әрі зерттеуге және қалпына келтіруге негіз болатын ғылыми база қалыптастырылмақ.
Тағы оқыңыз: Мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгерді

