Қазақстанда кейбір салалардағы мамандар айына 2 миллион теңгеге жуық жалақы алады. Ал ең төменгі орташа жалақы 135 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың екінші тоқсанына қатысты деректерінде айтылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі https://t.me/nationalbusiness_kz сілтеме жасап.
Статистикаға сәйкес, ел бойынша орташа жалақы 486 мың 388 теңгені құрайды. Алайда әр салаға қарай бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгереді. Ең жоғары орташа жалақы қаржы және сақтандыру саласында тіркелген. Қаржылық қызметтер мен сақтандыру саласындағы қосалқы қызметтерде орташа айлық 1 миллион 960 мың теңгеге жеткен. Сонымен қатар мұнда нақты жалақы бір жылда 25,5%-ға өскен.
Сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету саласының мамандары орта есеппен 1 миллион 370 мың 400 теңге алады. Бағдарламашылар мен ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі консультанттардың орташа жалақысы 1 миллион 279 мың теңгені құраған. Ал басқару саласында қызмет ететін мамандардың орташа айлығы 1 миллион 200 мың теңге шамасында.
Бұдан бөлек, су, әуе және құбыр көлігі қызметкерлері, қаржы делдалдары мен міндетті әлеуметтік сақтандыру саласының мамандары да айына 1 миллион теңгеден жоғары жалақы алады.
Балықшылар мен тәрбиешілердің жалақысы төмен
Елдегі ең төмен орташа жалақы балық аулау және балық өсіру саласында тіркелген. Мұнда қызметкерлер орта есеппен 135 мың теңге алады. Осылайша, салалар бойынша ең жоғары және ең төмен орташа жалақы арасындағы айырмашылық 14,5 есеге жетіп отыр. Білім беру саласында да жалақы көлемі төмен деңгейде қалып отыр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орташа жалақы 240 мың 600 теңгені құрады. Оның үстіне тәрбиешілердің нақты жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 4,8%-ға төмендеген.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің орташа айлығы 295 мың теңге шамасында. Аталғае саладағы нақты жалақы бір жылда 8%-ға қысқарған.
Жылжымайтын мүлікпен сыйақы үшін жұмы жүргізетін риелторлар орта есеппен 267 мың 400 теңге алады. Ал пошта қызметкерлерінің айлық жалақысы 273 мың 600 теңге шамасында.
Қай салада жалақы көбірек өсті?
Өткен жылмен салыстырғанда нақты жалақысы ең көп өскен салалар да бар.
Бірінші орында — кинофильмдер мен телебағдарламалар өндіру саласы. Мұнда нақты жалақы 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 91,8%-ға артқан. Екінші орында әуе жүк тасымалы саласының қызметкерлері тұр. Олардың нақты жалақысы бір жылда 56%-ға өскен. Ал үшінші орында «өзге де жеке қызметтер көрсету» санаты бар. Бұл саладағы нақты жалақы өткен жылмен салыстырғанда 35,1%-ға артқан.
Тағы оқыңыз: Елімізде әскерге күзгі шақыру басталды

