Солтүстік Қазақстан облысындағы туристік аймақтарда бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер бар. Кәсіпкерлер ең алдымен интернет пен ұялы байланыстың нашарлығын, қоқыс полигонының жоқтығын және балалар лагерьлерінің жабылуын атады. Бұл мәселелер СҚО кәсіпкерлер палатасында өткен туризм және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысында көтерілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Имантау-Шалқар курорттық аймағында байланыс сапасы әлі де төмен. Туризм жөніндегі салалық кеңес төрағасы Владимир Витченконың айтуынша, Петропавлдан 20 шақырымдай алыстағаннан кейін ұялы байланыс әлсірей бастайды.
«Министрлік бұл мәселе бойынша жұмыстар 2027 жылы жүргізілетінін айтты. Бірақ оны кім атқаратыны және қаржы қайдан бөлінетіні нақты көрсетілмеген», – деді ол.
Тағы бір мәселе – қоқыс. Курорттық аймақта арнайы полигон болмағандықтан, 48 демалыс базасы қалдықтарды шамамен 90 шақырым жерге тасуға мәжбүр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл мәселе сегіз жылдан астам уақыттан бері шешілмей келеді. Сонымен қатар өңірде балалар сауықтыру лагерьлерінің саны күрт азайған. Владимир Витченко облыста 200-ден астам лагерь жабылғанын айтты. Қазір жұмыс істеп тұрған нысандардың көбі тек жаз мезгілінде ғана қызмет көрсетеді. Кәсіпкерлер мұның негізгі себебін нысандарды сенімгерлік басқаруға немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тым қысқа мерзімге беруден көреді. Орта есеппен мұндай келісімдер бес жылға жасалады. Олар бұл мерзімді 20-30 жылға дейін ұзартуды және лагерьлердің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынып отыр.
Кездесуде көтерілген мәселелерді «Атамекен» ҰКП инвестициялар департаменті бақылауға алды. Қажет болған жағдайда олар республикалық деңгейге шығарылмақ.
Тағы оқыңыз: Шұғыл ауруханаға түссеңіз, жақындарыңызға хабарлама келеді

