Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерін жұмысқа қабылдау және қызметтен босату қағидалары өзгерді. Енді мектеп директорының орны босаса, аудандық немесе қалалық білім бөлімі бес жұмыс күні ішінде облыстық білім басқармасына конкурс өткізу туралы өтініш жібереді, деп жазады Qazaqstan Media.
Конкурс аяқталғанға дейін мектепті директордың орынбасары немесе педагог уақытша басқара алады. Бұл мерзім алты айдан аспауы тиіс. Егер конкурс өтпей қалса, уақытша басшылық тағы бір рет алты айға ұзартылуы мүмкін. Орта білім беру ұйымдарына педагог қабылдау конкурсы электронды түрде «Педагогты жұмысқа қабылдау» модулі арқылы өтеді.
Ал балабақша, қосымша білім беру, арнаулы білім беру, колледж және басқа да бірқатар білім ұйымдарында педагогтерді жұмысқа қабылдау қағаз түрінде жүргізіледі.
Сондай-ақ соңғы екі жылда мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын бітірген, педагогикалық өтілі жоқ түлектерге жеңілдік қарастырылған. Егер олардың GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болса, сертификаттаудан өткені және грант алғаны туралы құжаттары болса, олар конкурссыз жұмысқа қабылдана алады.
Тағы оқыңыз: Табиғат бар, инфрақұрылым әлсіз: СҚО туризміне не жетіспейді?

