Петропавлда «Ботай» көркемсурет галереясында ерекше көрме ұйымдастырылды. Мұнда қылқалам мен қолөнер арқылы өз ойын жеткізген сотталғандардың 18 туындысы көпшілік назарына ұсынылды, деп жазады Qazaqstan Media.

«Үміт–2026» картиналар мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының байқауына Солтүстік Қазақстан облысының ҚАЖ жүйесіндегі бес мекеменің сотталғандары қатысты. Көрмеге түрлі жанрдағы картиналар, заманауи үлгіде қолмен тігілген қазақтың ұлттық киімдері және ермексаздан жасалған композициялар қойылды.

Байқауға департамент басшылығы, қоғам белсенділері, кәсіби өнертанушылар, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен бейнелеу өнері музейінің өкілдері қатысты. Әр мекеменің өкілдері туындыларды таныстырып, олардың идеясы мен жасалу ерекшеліктері туралы айтып берді.

Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын №50 мекемеде жазасын өтеп жүрген әйелдің заманауи үлгіде жасаған «Қазақ тренчі» ұлттық киіміне берілді.

Екінші орынды №52 мекемедегі сотталған азаматтың «Туған өлкенің алтын шуағы» картинасы иеленді. Ал осы мекемедегі тағы бір сотталғанның «Күзгі таң» картинасы үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар сотталғандардың шығармашылық қабілетін дамытуға, бос уақытын пайдалы өткізуге және мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Енді байқауда үздік деп танылған жұмыстар республикалық кезеңге жолданып, Солтүстік Қазақстан облысының атынан сынға түседі.

Тағы оқыңыз: Семей полигонының жабылғанына — 35 жыл

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *