Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 40 жастағы әйел ауыр жағдайда жеткізілді. Оның айтуынша, ол шыбынжұт(мухомор) саңырауқұлағын жеген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дәрігерлер қажетті тексерулерден кейін пациентті шұғыл түрде реанимация бөліміне жатқызды. Оған белгісіз заттан улану диагнозы қойылды. Сонымен қатар ілеспе аурулары мен тәуелділік синдромы да анықталған. Төрт күн бойы медицина мамандары нәзікжандының өмірі үшін күресті.
Ақ халатты абзал жандар ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін тұрақтандыруға, уланудан кейінгі бұзылыстарды түзетуге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған қарқынды ем жүргізді. Дәрігерлер пациенттің жағдайы мен негізгі көрсеткіштерін тәулік бойы бақылауда ұстады. Жағдайы тұрақтанған соң, әйел терапия бөлімшесіне ауыстырылып, емін жалғастырды.
«Науқастың жағдайы тұрақтанды. Дәрігерлер оған психиатр мен наркологтың көмегіне жүгінуді ұсынды», — деп хабарлады көпбейінді қалалық аурухана.
Тағы оқыңыз: Петропавлда сотталғандардың картиналары мен қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды

