Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Бүгін теріскейліктер сынақ зардабынан көз жұмғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
42 жыл бойы Семей облысы жер үсті және жер асты жарылыстарынан көз ашпады. Атомдық қарудың келтірген зардабы әлі күнге дейін сезілуде. 20-шы ғасырда қазақ халқының басына түскен зор қасірет қолдан жасалған еді.
Адам өмірі мен табиғатқа келтірілген зиянның ауқымын елестетудің өзі қорқынышты. Өкінішке қарай, бұл зардапты адамдар әлі де тартып келеді. 1970-1972 жылдары әскер қатарына алынған 1,5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жігіт жарылыс алаңына жіберілді. Ол кезде басым бөлігі 18 жасқа енді толған жас жігіттер еді. Отан алдындағы борышын өтейміз деп барғандардың басым бөлігі өңірге қайта оралмапты. Кейбірі сырқаттанып, ал кейбірі ауыр жарақат алып көз жұмған.
Ал туған өлкесіне аман оралғандар – бүгінде 70 жастағы қарттар. Ядролық қарудың зардабын өз көзімен көрген жандар бүгін 50 жыл бұрын Семей полигоны аумағында бірге қызмет атқарған жақын достарын еске алып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.
Семей полигонының жабылғанына — 35 жыл
«Семей полигонына 1970 жылы бардым. Шал ақын ауданынан 60 адам сол жерде болды. Соның 30-ға жуығы өмірден өтті. Асхат Төлепберген деген жолдасымыз болды. Бәріміздің басымызды қосып, қоғамдық бірлестік ашты. Семей полигонында орын алған әр оқиға әлі есімде. Екінші мұндай оқиғаны басымызға бермесін», — деді «СҚО Семей полигоны» ҚБ мүшесі Қойшыбай Шәниев.