Жақында Қостанай қаласында Олимпиада ойындарының жүлдегері Александр Мирошниченконы еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Солтүстік Қазақстан облысынан үш спортшы қатысып, жүлделі орындардан көрінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі додада жергілікті спортшылар бір алтын, бір күміс медаль еншіледі. Никита Косторнов додада үш кездесу өткізіп, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Былғары қолғап шебері 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен.
«Турнирге қызу дайындалдық. Қарағанды қаласында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сайыстағы алғашқы кездесу мен үшін ерекше маңызға ие болды. Себебі, осыдан бір ай бұрын астаналық қарсыласымнан жеңілген едім. Бұл жолы есе қайтардым. Кейін қытайлық боксшыны жеңдім, ал финалда Ақтөбе облысының өкілін ұттым. Бокспен 4 жылдан бері айналысамын. Бұған дейін грек-рим күресімен шұғылдандым. Қазіргі нәтижеме көңілім толады. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстар мен түзейтін қателер бар», — деді чемпион.
Дүбірлі додаға Қазақстанның барлық облысынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сынды елдерден келген 100-ге тарта былғары қолғап шебері қатысты. Бас бапкер Денис Языков шәкірттерінің нәтижесіне көңілі толады.
«Турнирге дейін спортшылар жалпы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Сондай-ақ, Қарағанды қаласында Ирак ұлттық құрамасының боксшыларымен шеберлік алмастық. Жарысқа 3 спортшымыз ғана барды. Себебі, бұл турнир тек ауыр салмақта өнер көрсететін боксшылар арасында өтті. Шәкірттерім жақсы өнер көрсетті. Енді алдағы жарыстарға дайындықты күшейтеміз», — деді спикер.
Солтүстікқазақстандық бокшылар қазан айында Тараз қаласында өтетін елчемпионатына дайындалады. Ел біріншілігінде көзге түскендер Ұлттық құрама сапына шақырту алады.

