Ғабит Мүсірепов ауданының Новоишим ауылындағы №359 сайлау учаскесінде дауыс беру ерекше көңіл күйде өтіп жатыр. 23 тамызда мұнда аудандық мәдениет үйінің «Әжелер» вокалдық тобының мүшелері бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Ақ жаулықты әжелер сайлау учаскесіне ән мен тәттілерін де ала келді, деп жазады Qazaqstan Media.
«Әжелер» тобының мүшелері аудан тұрғындарына өз өнерімен жақсы таныс. Түрлі мәдени шараларға белсенді қатысып, ұлттық ән мен дәстүрді дәріптеп жүрген өнерпаздар бұл жолы Құрылтай депутаттарын сайлаудан шет қалмады.
Әжелер сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық құқықтарын пайдаланып, дауыс берді. Бірақ олардың бұл күнгі сапары тек бюллетень толтырумен шектелген жоқ. Өнерпаздар жиналғандарға ән арнап, өздерімен бірге әкелген тәттілерін ауылдастарына ұсынды.
Осылайша, сайлау учаскесіндегі ресми рәсім ауылдастардың жылы жүздесуіне ұласты. Ән айтылып, ақжарма тілектер жеткізіліп, тәттілер таратылды. «Әжелер» тобының келуі учаскедегі көңіл күйді бірден жандандырып, сайлаушыларға ерекше әсер сыйлады.
Новоишим ауылында дауыс беру таңертеңнен белсенді өтіп жатыр. Сайлау учаскесіне жастардан бастап аға буын өкілдеріне дейін түрлі жастағы тұрғындар келіп, өз таңдауларын жасауда.
Ал «Әжелер» тобы бұл күнге өзіндік сән қосты. Олар азаматтық белсенділікті өнермен ұштастырып, сайлау учаскесін бір сәтке ән мен жақсы көңіл күйге толтырды.
Тағы оқыңыз: Облыстық мәслихат депутаты Ирина Эктова өз таңдауын жасады

