Аталарынан немерелеріне дейін теміржолмен тағдырын байланыстырған Ахметовтер әулеті үшін 23 тамыз тағы бір маңызды отбасылық күнге айналды. Ғабит Мүсірепов ауданында тұратын теміржолшылар әулетінің өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлауға бірге келіп, өз таңдауларын жасады, деп жазады Qazaqstan Media.

Ахметовтер отбасында теміржолшы мамандығы төрт ұрпақтан бері жалғасып келеді. Аталар бастаған еңбек жолын кейін ата-аналары жалғастырса, бүгінде олардың балалары мен немерелері де болат магистральда еңбек етіп жүр. Сондықтан тәртіп, жауапкершілік пен өз ісіне адалдық бұл отбасы үшін кәсіби талап қана емес, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан өмірлік қағидаға айналған.

23 тамызда үлкен әулеттің өкілдері Новоишим ауылындағы сайлау учаскесіне бірге келді. Сұлтан Ахметовтің айтуынша, теміржолдағыдай ел өмірінде де әр адамның жауапкершілігі мен таңдауы маңызды.

«Біздің отбасымыз – теміржолшылар әулеті. Аталарымыз, ата-аналарымыз, біз және енді балаларымыз – барлығымыз тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұратын ортада өмір сүріп келеміз. Болат магистральда қозғалыс пен қауіпсіздік әрқайсымыздың жұмысымызға байланысты. Ел өмірінде де дәл солай. Әр азаматтың жауапкершілігі мен таңдауы маңызды», – дейді Сұлтан Ахметов.

Ахметовтер үшін сайлау учаскесіне бүкіл отбасымен келу жай ғана дәстүр емес. Әулет мүшелері ел үшін маңызды күні ортақ азаматтық ұстанымдарын білдіруді жөн көрген.

«Мұндай тарихи оқиғадан шет қала алмадық. Таңертең үлкен теміржолшылар отбасымызбен сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердік. Біз үшін бұл жай ғана формальдылық емес. Бұл – туған Қазақстанымыздың болашағына қосқан жеке үлесіміз. Елдің ертеңі үшін бәріміз жауаптымыз», – деді Сұлтан Ахметов.

Болат жолда әр буын алдыңғысының тәжірибесін қабылдап, жауапкершілігін жалғастырады. Ахметовтер әулетінде де осы сабақтастық сақталған. Бірнеше буынды бір мамандық біріктірсе, бүгін оларды бір сайлау учаскесіне азаматтық таңдау тоғыстырды.

Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау Ахметовтер әулетінің отбасылық тарихына да жаңа парақ қосты. Бұл жолы төрт ұрпақтың жолы теміржол бойында емес, сайлау учаскесінде түйісті.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында Өрмекші адам да дауыс берді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *