Уәлиханов ауданында сайлау күні аудан тұрғындары үшін дауыс беру ғана емес, ұлттық дәстүр мен тағылым тоғысқан ерекше сәттермен де есте қалды. «Әжелер» ансамблінің ақ жаулықты мүшелері сайлау учаскесіне бірге келді. Олар өз таңдауларын жасады. Дауыс бергеннен кейін олар елдің амандығын тілеп, көпшілікке ақ батасын берді, деп жазады Qazaqstan Media.

Ұлттық киімдерін киіп, ақ жаулықтарын таққан әжелердің сайлау учаскесіне келуі жиналған жұрттың назарын аударды. Үлкендер азаматтық құқықтарын пайдаланып, сайлауға қатысудың әр азамат үшін маңызды екенін өз үлгілерімен көрсетті.

«Әжелер» ансамблі ауданның қоғамдық және мәдени өміріне белсенді араласады. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кейінгі буынға насихаттап келеді. Олардың репертуарындағы халық әндері мен тағылымды әңгімелері, үлкеннің батасы мен өнегелі сөзі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Бұл жолы да ақ жаулықты аналар сайлау учаскесіне жай ғана дауыс беруге келген жоқ. Өз таңдауларын жасаған соң, олар қазақтың ежелден келе жатқан бата беру дәстүрін жалғастырды.

Ақ жаулықты әжелерден – ақ бата: сайлау учаскесінде ерекше сәт болды
Ақ жаулықты әжелерден – ақ бата: сайлау учаскесінде ерекше сәт болды

Әжелер елдің амандығын, халықтың тыныштығын, береке-бірліктің артуын тілеп, ақ тілектерін арнады. Жастарға жарқын болашақ, елге тұрақтылық пен татулық тіледі.

Сайлау учаскесіндегі бұл көрініс азаматтық белсенділік пен ұлттық дәстүрдің өзара сабақтастығын көрсетті. Ақ жаулықты әжелердің батасы сайлау күніне ерекше жылылық беріп, үлкеннің өнегесі мен ізгі тілегінің кейінгі ұрпақ үшін қашанда маңызды екенін тағы бір аңғартты.

Тағы оқыңыз: Ұрпақтар сабақтастығы – ел болашағына ортақ таңдау

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *