Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы бұл күнді ел тарихындағы маңызды саяси оқиға деп атап, солтүстікқазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды, деп жазады Qazaqstan Media.

23 тамызда Қазақстанда алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Таңертең облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

СҚО әкімі Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді
СҚО әкімі Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді

Өңір басшысы жаңа саяси кезеңнің бастауына айналған бүгінгі сайлаудың маңызына тоқталды.

«Бүгін – еліміз үшін айрықша әрі тарихи күн. Бірнеше ай бұрын өткен жалпыхалықтық референдумда біз жаңа Конституцияны қолдап, елдің болашағы мен келер ұрпақтың ертеңі үшін дауыс бердік. Бүгін Ата Заңда белгіленген саяси жаңғырулар нақты жүзеге асып, біз алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлап отырмыз. Құрылтай алдағы уақытта елдің заң шығару жүйесінде және азаматтардың мүддесін білдіруде маңызды рөл атқарады», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыс әкімі солтүстікқазақстандықтардың сайлау науқандарына белсенді қатысып, өңір мен ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауға әрдайым жауапкершілікпен қарайтынын да атап өтті.

СҚО әкімі Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді
СҚО әкімі Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді

«Солтүстікқазақстандықтар қашанда белсенді азаматтық ұстанымымен, туған өлкенің тағдыры мен ел болашағына деген жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Облыс тұрғындары бүгін де жоғары белсенділік танытып, елдің ертеңі үшін таңдау жасайды деп сенемін», – деді өңір басшысы.

Сайлау учаскесінде тағы бір есте қаларлық сәт болды. Ғауез Нұрмұхамбетов өмірінде алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берген Димаш есімді жас сайлаушымен кездесті. Облыс әкімі оны алғашқы таңдауымен құттықтап, естелік ретінде жаңа Конституцияның бір данасын табыстады.

Орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін өңірдегі сайлаушылардың 17,52 пайызы дауыс беріп үлгерді.

Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында әлеуметтік қызметкерлер дауыс беруге ұлттық киіммен келді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *