Қазақстанда Tech Orda бағдарламасының бесінші маусымына өтінім қабылдау басталды. 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтар IT мамандықтарын оқуға мемлекеттен 500 мың теңгеге дейін ваучер ала алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бағдарламаға Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары қатыса алады. Оқуға түскендер аккредиттелген жеке IT-мектептердің бірін таңдайды. Офлайн оқуға 500 мың теңгеге дейін, ал онлайн немесе аралас форматта білім алуға 400 мың теңгеге дейін ваучер беріледі.
Tech Orda арқылы қазақстандықтар қазір сұранысқа ие бірнеше бағыт бойынша білім ала алады. Олардың қатарында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалау, деректерді талдау, Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті және UI/UX-дизайн бар.
Бағдарлама 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алған. Astana Hub мәліметінше, еңбек нарығында белсенді түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды.
Тағы 3,2 мыңнан астам адам осы бағдарламаның көмегімен бұрынғы мамандығын ауыстырып, IT саласында жұмыс істей бастаған. Tech Orda түлектерін 1 287 компания жұмысқа қабылдаған. Олардың арасында ірі қазақстандық және халықаралық компаниялар бар.
Бағдарламаға өтінім 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін қабылданады. Қатысу шарттары мен IT-мектептердің тізімін Astana Hub платформасынан көруге болады. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы алуға болады.
Тағы оқыңыз: СҚО палуаны халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды

