Солтүстік Қазақстан облысында «Үздік орта білім беру ұйымы» анықталды. Байқауда ЛОРД дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты жеңіске жетіп, білім ордасына 68 млн теңгенің сертификаты табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Байқаудың қорытындысы Петропавлда өткен педагогтердің облыстық Тамыз конференциясында жарияланды. Үздік атану үшін өңірдегі білім беру ұйымдары өтінім берген. Комиссия білім ордаларының жетістіктері мен атқарған жұмыстарын саралап, нәтижесінде ЛОРД мектеп-лицей-интернатын үздік деп таныды. Жеңімпаз білім ордасына 68 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Алқалы жиында еңбегімен ерекшеленген ұстаздар да назардан тыс қалған жоқ. 30-ға жуық педагог түрлі марапатқа ие болды.
Конференцияда білім беру саласының ардагері Жангелді Тәжин мектептердегі тәрбие жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, «Адал Азамат» бағдарламасы аясындағы жұмыстар тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарына негізделген.
«Ардагер ұстаздардың жұмыс тобы қатысқан мазмұнды іс-шаралар мен жаңа технологиялық әдістер қолданылған сабақтардың жақсы үлгілері аз емес. Бүгінгі конференция барысында өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп жатқан ұстаздардың еңбегінің куәсі болдық», – деді Жангелді Тәжин.
Шара аясында педагогтер Оқушылар сарайының бірінші қабатында ұйымдастырылған көрмені де тамашалады. Онда білім беру саласындағы жаңа жобалар мен заманауи әдістемелер таныстырылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да білім саласына 162,9 млрд теңге бөлінді

