23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең болмақ. Шал ақын аудандық мәслихатының төрағасы Қайрат Жангужинов алдағы саяси науқан өңірлердің, әсіресе ауылдық елді мекендердің мәселелерін республикалық деңгейде көтеруге жаңа мүмкіндік береді деп есептейді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қайрат Жангужиновтың айтуынша, жергілікті өкілді органдар тұрғындармен күнделікті жұмыс істейтіндіктен, халықты толғандыратын мәселелерді жақсы біледі. Ауылдық жерлерде жол, ауыз су, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын қолдау мәселелері әлі де өзекті.

«Аудандық мәслихат төрағасы ретінде мен үшін ең бастысы – халықтың үні естілуі, өңірлердің мүддесі ескерілуі. Біз күнделікті жұмыс барысында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін, көтеріп жүрген мәселелерін жақсы білеміз», – деді Қайрат Жангужинов.

Оның пікірінше, жаңа Құрылтайда өңірлердің мүддесі кеңінен көрініс тауып, жергілікті жерлерде көтерілген мәселелер республикалық деңгейдегі нақты шешімдерге негіз болуы тиіс.

«Жаңа саяси жүйе халық пен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, мемлекеттік шешімдерді қабылдауда азаматтардың пікіріне басымдық береді деп сенемін», – деді аудандық мәслихат төрағасы.

Қайрат Жангужинов 23 тамыздағы сайлауды азаматтардың ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіру мүмкіндігі деп бағалайды.

«23 тамыздағы сайлау – әр қазақстандық үшін өз таңдауын жасап, ел болашағына өз үлесін қосуға берілген мүмкіндік. Сондықтан жерлестерімізді сайлауға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырамын. Еліміздің болашағы, оның тұрақтылығы мен дамуы – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді Қайрат Жангужинов.

Тағы оқыңыз:  СҚО-да «Жастар» спорттық спартакиадасы өз мәресіне жетті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *