СҚО-да белсенді жастар қаржылай гранттарға ие болды
Петропавлда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар конкурсының қорытындысы шығарылды. Байқау қорытындысы бойынша алты қатысушы жеңімпаз атанып, әрқайсысы 500 мың теңгеге ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл байқау Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 30 жасқа дейінгі 70-тен астам қатысушы бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша қатысушы жеңімпаз атанып, әрқайсысы 500 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
СҚО-да белсенді жастар қаржылай гранттарға ие болды
«Бұл грант облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Байқау ғылым, кәсіпкерлік, мәдениет, волонтерлік, медиа және ақпараттық технологиялар бағыттарын қамтиды. Ұсынылатын жоба Солтүстік Қазақстан облысында бұрын жүзеге асырылмаған, тың әрі инновациялық болуы тиіс. Қатысушылар өз жобасын ұсынып, біз оларға барлық кезеңде кеңес беріп, бастамаларын сәтті жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз», — деді «Қазақстанның болашағы үшін» ҚБ жоба менеджері Тимур Махметов.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері қатарында Дариға Смаилова да бар. Оның жобасы үздіктердің қатарынан көрініп, қаржылай қолдауға ие болған. Белсенді жастың айтуынша, жоба осы жылдың сәуір айында бастау алып, қазіргі таңда сәтті жүзеге асырылып келеді.
СҚО-да белсенді жастар қаржылай гранттарға ие болды
«Экобастау — қаламыздың оқушыларына арналған экологиялық жоба. Біз оны жүзеге асыруды бастадық. Жоба аясында бірнеше кездесу мен қызықты іс-шаралар өткіздік. Оның ішінде экотренингтер, «ЭкоМафия» танымдық ойыны, гүл отырғызу акциялары және басқа да экологиялық бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылды», — деді «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Дариға Смаилова.