Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жалғасып жатыр. Қазіргі таңда сайлау комиссиялары ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, алдағы маңызды кезеңдерге дайындалуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ең жақын маңызды кезеңдердің бірі – 2 тамыз. Осы күні сайлаушылардың тізімі учаскелік сайлау комиссияларына беріледі және өңірдегі сайлаушылардың нақты саны белгілі болады.
Ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздері туралы мәліметтерді сайлау учаскелерінен тексеріп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізе алады. Егер сайлаушы дауыс беру күні тіркелген мекенжайынан тыс жерде болатын болса, осы күннен бастап учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, есептен шығару куәлігін ала алады. Мұндай куәліктер 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, сайлау науқанына облыс бойынша 558 сайлау комиссиясы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 аумақтық және 543 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Жалпы сайлау үдерісіне 3196 комиссия мүшесі қатысады.
«Облыста 543 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 92-сі Петропавл қаласында орналасқан. Сондай-ақ әскери бөлімдерде, емдеу мекемелерінде және азаматтардың уақытша болатын орындарында 13 жабық сайлау учаскесі құрылған. Биыл сайлау учаскелерінің саны өткен сайлаумен салыстырғанда 38-ге қысқарды», – деді Асқар Сақыпкереев.
Қазіргі уақытта сайлауалды үгіт-насихат кезеңі жалғасып жатыр. Ол 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні, ал дауыс беру 23 тамызда өтеді.
Сайлауға дайындық аясында Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, сайлау күні сақталуы тиіс талаптар мен үгіт-насихат материалдарын жариялау тәртібін түсіндірді.
Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде қоғамдық бақылаумен айналысатын алты ұйым тіркелген. Сонымен қатар, екі ұзақ мерзімді халықаралық байқаушысы сайлауалды кезеңнің заң талаптарына сай өтуін бақылауда.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан уақытша тоқтатылады

