Солтүстік Қазақстан облысында биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша банк секторында оң өзгерістер байқалды. Халық пен кәсіпкерлердің банктердегі жинағы көбейіп, шағын бизнеске берілетін несиелер артқан. Дегенмен мерзімі өткен қарыз көлемі де өскен, деп жазады Qazaqstan Media.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыстағы несие портфелі 473,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға өсті.
Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер 146,2 млрд теңге көлемінде несие берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Бірақ, шағын кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған азаматтар несиені айтарлықтай көп алған. Төрт айда бизнеске 52,7 млрд теңге бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,1%-ға көп. Қазір барлық берілген несиенің 36%-ы шағын бизнеске тиесілі. Былтыр бұл көрсеткіш 29,5% болған.
Тұтынушылық несиелер көлемі 66,8 млрд теңгені құрап, аздап төмендеген. Ипотекалық несиелеу айтарлықтай өзгермей, 9,3 млрд теңге деңгейінде сақталған.
Сонымен қатар мерзімі өткен қарыз көлемі 15,8 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 53,4%-ға артқан. Оның басым бөлігі – 85,5%-ы жеке тұлғалардың берешегі.
Депозиттік нарықта да өсім байқалады. Облыс тұрғындары мен кәсіпорындарының банктердегі салымдары 638,8 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 24%-ға көбейген.
Теңгедегі депозиттердің көлемі 601,9 млрд теңгені құрап, барлық салымның 94,2%-ын құрады. Ал шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 5,8%-ға дейін төмендеген. Бұл тұрғындардың ұлттық валютадағы жинаққа деген сенімі артып келе жатқанын көрсетеді.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық фермерлерге қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі: 2026 жылғы негізгі бағдарламалар

