Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторы Денис Николайчев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол екі танысымен бірге жергілікті шаруа қожалығының жаңа шиналарын ұрлап, кейін оларды сатып немесе отынға айырбастап отырған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ұрылардан көмек

Бұл оқиға Мамлют аудандық сотында қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, алғашқы ұрлық 2024 жылдың көктемінде Белое ауылында болған. Жергілікті ЖШС-де жұмыс істейтін Иван Кузьмин мен Евгений Яковлев ангарда тұрған жаңа шиналарды ұрлауға алдын ала келіседі. Олар ангардың артқы жағындағы темір қаптаманы қайырып, ішке кіріп, төрт жаңа шинаны алып шығады.

Ұрланған шиналарды «Орал» мотоцикліне тиеп, үйлеріне қайтып келе жатқанда оларды учаскелік полицей Денис Николайчев тоқтатады. Ер адамдар шиналарды ұрлағандарын бірден мойындаған. Алайда полицей оларды жауапкершілікке тартудың орнына, соттағы айғақтарға сәйкес, шиналарды өзінің танысына апаруды тапсырған.

Кейін ұрланған шиналар отынға айырбасталады. Оның бір бөлігі учаскелік полицейдің үйіне жеткізілген.

Ұрыларға күзетші болған полицей

Бір жылдан кейін дәл осы адамдар тағы да ұрлық жасауға бел буады. Бұл жолы олар жолда Николайчевті кездестіріп, қайда бара жатқанын жасырмай айтқан.

Сот материалдарына сәйкес, сол кезде учаскелік: «Не аласыңдар? Көп пе? Маған не тиеді? Үлесте мен де боламын ба?» деп сұраған. Ер адамдар келісім бергеннен кейін полицей олардың ұрлық жасап келгенше қызметтік көлігімен маңайда бақылап тұруға келіскен.

Сол түні олар ангардан үш рет қатынап, жалпы құны 2,3 миллион теңгеден асатын 17 жаңа шинаны алып шыққан. Кейін Николайчев сатып алушының байланысын беріп, шиналарды өткізуге көмектескен.

Алғашқы алты шина 240 мың теңгеге сатылған. Ақша екі ұрыға 70 мың теңгеден, ал полицейге 100 мың теңгеден бөлінген. Келесі күні қалған 11 шина 440 мың теңгеге сатылып, бұл жолы Кузьмин мен Яковлев 170 мың теңгеден, Николайчев тағы 100 мың теңге алған. ЖШС қызметкерлері шиналардың жоғалғанын бірнеше айдан кейін ғана түгендеу кезінде анықтаған. Сол кезде ангар қабырғасындағы тесік те белгілі болған.

Сот Кузьмин мен Яковлевті бірнеше рет жасалған, адамдар тобы болып қоймаға заңсыз кіріп ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Екеуі де үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Ал Денис Николайчев ұрлыққа қатысқаны және қызметтік міндетін орындамағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Сот үкімінде бұрынғы учаскелік полиция қызметкері антқа адал болмай, қызметтік өкілеттігін жеке пайдасы үшін пайдаланғаны атап өтілді. Үкім заңды күшіне енді.

Тағы оқыңыз: Жаңа Конституция күшіне енген күні СҚО-да 12 сәби дүниеге келді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *