Солтүстік Қазақстан облысында «Әділет» партиясы облыстық филиалының конференциясы өтіп, ұйымның басшылық құрамы бекітілді. Жиында филиал төрағасы, Саяси кеңес мүшелері мен Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы сайланды, деп жазады Qazaqstan Media.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты Үндеуін қолдау мәселесін талқылады. Сонымен қатар партияның өңірлік филиалының басқару органдарын қалыптастыру жөніндегі шешімдер қабылданды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша облыстық филиалдың басшысы болып Қалия Төренова сайланды. Ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси салада көп жылдық тәжірибесі бар маман. Жаңа қызметінде филиалдың жұмысын үйлестіру, партияның бағдарламалық міндеттерін іске асыру және тұрғындармен тиімді байланыс орнату жұмыстарын жүргізеді.
Саяси кеңестің құрамына білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қозғалыстары мен өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің түрлі салаларынан өкілдер енді.
Конференция қорытындысында партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастырушылық кезеңі толық аяқталғаны айтылды. Ендігі кезекте филиал тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізуге, партияның бастамаларын іске асыруға басымдық бермек.
Тағы оқыңыз: Ж. Тілеулин атындағы жоғары медицина колледжінде диплом тапсыру салтанаты өтті

