Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Петропавлда жастардың қатысуымен патриоттық флешмоб өтті. Жүрек бейнесіне сап түзеген ұл-қыздар елдің басты құжатына деген құрметі мен қолдауын осылайша білдірді. Ал, қала өнерпаздары болса концерт ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Флешмобқа қатысқан жастардың айтуынша, жаңа Конституция – әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам. Олар елдің болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігі мен заңға деген құрметінен басталатынын атап өтті.

«1 шілде – Қазақстан үшін тарихи күн. Бүгін жаңа Конституция күшіне еніп, еліміздің жаңа даму кезеңі басталды деп сенемін. Біз осындай маңызды оқиғаның куәсі болғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл – болашағымыз үшін қабылданған маңызды шешім», – дейді флешмобқа қатысушы Лаура Касенова.
Шара барысында жастар жаңа Конституцияның алғашқы даналарын қолдарына ұстап, оның мазмұнымен танысты. Бұл символдық акция олардың Ата заңға деген құрметін ғана емес, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымын да айқын көрсетті.
Қала өнерпаздары болса патриоттық концертпен тұрғындардың көңілін көтерді.
Тағы оқыңыз: Жаңа Ата заң – жаңа Қазақстанның берік негізі

