Петропавлда БАҚ қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында БАҚ өкілдеріне пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Мемлекет пен халық арасында алтын көпір атанған жандардың жұмысы оңай емес. Олар отқа да, суға да түседі. Мұны өз құттықтауында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атап өтіп, аймақтың дамуына үлесін қосқан маңдайалды мамандарға табыс тіледі.
«Құрметті журналистер, БАҚ қызметкерлері мен ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ақпарат саласы – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Ел тынысы мен заман үнін халыққа жеткізетін маңызды сала. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамдағы сенімді нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Журналистің басты миссиясы – ақиқатты айтып, ел мүддесіне қызмет ету. Сондықтан бұл мамандық зор жауапкершілікті талап етеді», — деді СҚО әкімі.
Салтанатты шарада ондаған адам құрметке бөленді. Айтулы жиынның ең есте қалар сәті пәтер кілтін табыстау рәсімі болды. Шарада екі жас БАҚ өкілі Мемлекет басшысы атынан баспанаға ие болды.
«Мен 4 жылдан бері облыстық Солтүстік Қазақстан газетінде еңбек етіп келемін. Бүгінде осы газеттің экономика бөлімі меңгерушісі қызметін атқарамын. Журналистикаға келгеніме еш өкінбеймін. Ел игілі жолында аянбай еңбек етемін», — деді «Soltustik Qazaqstan» облыстық газетінің тілшісі Диас Аяған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір айдың ішінде облыста есірткіге қарсы 170 шара өткен


