Солтүстік Қазақстан облысында «Жас маман – жаңа қадам» атты V облыстық жас педагогтер слеті ұйымдастырылды. Үш күнге созылған шараға өңірдің жас ұстаздары қатысып, кәсіби білімдерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасты, деп жазады Qazaqstan Media.
Слеттің негізгі мақсаты – жас педагогтерге қолдау көрсету, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және заманауи білім беру тәжірибелерімен таныстыру. Бағдарлама барысында қатысушылар күнделікті жұмыс барысында қолдануға болатын жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, түрлі практикалық тапсырмалар орындады.
Іс-шара аясында психологиялық және педагогикалық тренингтер ұйымдастырылды. Жетекші сарапшылармен кездесулер, пікірталас алаңдары, «Кешкі қонақ» форматындағы еркін әңгімелер және шығармашылық шаралар өткізілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, әріптестерімен тәжірибе бөлісті.
Слет барысында жас ұстаздар заманауи оқыту тәсілдері, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату, педагогтің жеке шеберлігін арттыру бағытында пайдалы ақпарат алды. Сонымен қатар олар жаңа таныстық орнатып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас мамандардың өз кәсібіне деген қызығушылығын арттырады. Білім беру саласында жаңа идеялардың жүзеге асуына ықпал етеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір айдың ішінде облыста есірткіге қарсы 170 шара өткен


