СҚО-да ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасы бастау алды
Есіл ауданында ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасы бастау алды. Дүбірлі додаға өңірдің әр ауданынан 500-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі додаға тек «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар келді. Себебі, жарысқа келген әр спортшы өз аудандарында іріктеуден өткен.
СҚО-да ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасы бастау алды
«Спортшылар тоғыз спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олар: қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көкпар, ат жарыс, садақ ату. Шараға ұзақ уақыт дайындалдық. Жоғары деңгейде өтеді деп сенемін», — деді Есіл ауданы спорт бөлімінің басшысы Азамат Шоткин.
Шараның ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың ортаға шығуы, театрландырылған қойылымдар мен рухты әндер спартакиаданың көркін қыздырды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
СҚО-да ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасы бастау алды
«Ұлттық спорт — халқымыздың рухани мұрасы, ата-бабадан қалған асыл қазына. Ол бізге тек күш пен шеберлікті ғана емес, ұлттық құндылықтарды қастерлеуді, тарихымызды құрметтеуді, бірлікті бағалауды үйретеді. Ұлттық спорт арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, жастардың бойында елге деген мақтаныш пен жауапкершілік қалыптасады. Бүгінгі облыстық спартакиада — жай ғана жарыс емес. Бұл — ұлттық рухты дәріптейтін, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын, спорт арқылы халықты біріктіретін үлкен мереке», — деді Жүсіп Жұмағұлов.
Шара 27-ші маусымға дейін жалғасады. Оқ бойы озып шыққандары республикалық додаларда ел намысын қорғайды.