Петропавлда кезекті «Құқықтық көмек» акциясы өтті. Шара аясында құқық қорғау органдарының мамандары мен «Отбасы банк» қызметкерлері бірлесіп азаматтарға тегін заңгерлік кеңес берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шарада тұрғындардың сұрақтары тыңдалып, әлеуметтік мәселелері бойынша ақпарат берілді. Айта кету керек, шараның ұйымдастырылуына қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары мұрындық болды.
Петропавлда «Құқықтық көмек» акциясы өтті
«Акцияның басты мақсаты – халыққа құқықтық және заңгерлік көмек көрсету. Шараны Қазақстан Конституциясы көшесінде тегіннен тегін өткізіп отырмыз. Мұнда адамдар көп жүреді. Алдағы уақытта осындай форматтағы бірнеше іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз»,-дейді мамандар.
Қала тұрғыны Елена Маслакова — «Отбасы банк» салымшысы. Ол баспана алу үшін үш жылдан бері қаражат жинап жүр. Нәзікжанды банк қызметкерлерінен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары туралы кең көлемде ақпарат алды.
Петропавлда «Құқықтық көмек» акциясы өтті
«Банк қызметкерлерінен қажетті ақпарат алдым. Олар «2-10-20»бағдарламасын ұсынды. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Құны 30 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді алуға болады. Несие 20 жылға беріледі. Ертең «Отбасы банк» кеңсесіне барып, бағдарламаға өтініш беремін», — деді Елена Маслакова.
Айта кету керек, шара барысында 50-ге жуық адам өз сұрақтарын қойды. Мұндай құқықтық акциялар шілде айында да өтетін болады.