Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтерді алу бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Енді тұрғындар сағаттап кезек күтпей-ақ, қажетті құжаттарын жедел рәсімдей алады. Бұл мүмкіндікті «Жеке менеджер» сервисі ұсынып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

2026 жылдың басынан бері өңірде 1500-ден астам адам осы қызметті пайдаланған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының мәліметінше, сервис халыққа қызмет көрсету орталықтарында да, үйге барып қызмет көрсету форматында да қолжетімді. «Жеке менеджер» қызметі Петропавл қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-ны қоса алғанда, облыстың барлық орталықтарында жұмыс істейді.

Қызметті алу үшін келуші тіркеу үстеліне жүгініп, келісімшарт жасайды. Осыдан кейін маман құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде азаматпен бірге жұмыс істейді. Қызмет құны халыққа қызмет көрсету орталықтарында 5 697 теңге болса, мамандандырылған ХҚКО-ларда 6 306 теңгені құрайды.

Ал орталыққа келе алмайтын тұрғындар үшін көшпелі формат қарастырылған. Бұл жағдайда менеджер алдын ала өтінім бойынша көрсетілген мекенжайға барып қызмет көрсетеді. Көшпелі қызметтің бағасы – 7 447 теңге.

Айта кетейік, бұл қызмет әсіресе жас баласы бар ата-аналарға, кәсіпкерлерге және уақыты тығыз азаматтарға қолайлы. Жеке менеджер құжат рәсімдеу барысын толық бақылап, күту уақытын едәуір қысқартады. Дегенмен, кейбір қызмет түрлері көшпелі форматта көрсетілмейді. Атап айтқанда, паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтері тек ХҚКО-да рәсімделеді.

«Қызметке өтінімді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы беруге болады. Өтінім жолданғаннан кейін көрсетілген нөмірге растау коды бар SMS-хабарлама келеді. Бір жұмыс күні ішінде оператор хабарласып, қызмет көрсету уақытын нақтылайды. Мамандардың айтуынша, мұндай сервистер азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Пікір, пост, репост: прокуратура жауапкершілік туралы ескертті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *