Солтүстік Қазақстан облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, оның басшысы тағайындалды. Жаңа басқармаға Мафруза Тасболатқызы Науанова жетекшілік ететін болады, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс әкімінің өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Мафруза Науанова тағайындалды.
Мафруза Тасболатқызы 1975 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және Көкшетау экономика және менеджмент институтын «Математика және информатика», «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Айыртау ауданының Володар орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Айыртау ауданы әкімі аппаратында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту салаларындағы аудандық және қалалық бөлімдерді басқарды.
Кейін Айыртау ауданы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Тағы оқыңыз: Поляктардың елімізге жер аударылғанына 90 жыл

