Облысқа жұмыс сапарымен Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньска бастаған Польша Республикасының ресми делегациясы келді. Сапар барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына арналған еске алу іс-шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Келген меймандар Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту,бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Польшаны 34 жылдан астам уақытқа созылған дипломатиялық қарым-қатынас байланыстырады. Осы уақыт аралығында екі мемлекет арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық әріптестік қалыптасты.

Облыс пен Польша елін тарихи тағдыр сабақтастырады. Бүгінде Қазақстандағы этникалық поляктардың 30 пайыздан астамы теріскейде тұрады. Ал Тайынша – олардың ең көп шоғырланған аудандарының бірі. Сапар аясында Польша делегациясы Тайынша ауданында поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасына қатысты.

Іс-шара барысында қазақ халқының қиын кезеңде танытқан мейірімі, жанашырлығы, қонақжайлығына деген шынайы ризашылықтың белгісі ретінде «Қазақ халқына алғыс» ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, ата-баба рухына тағзым етілді.

«Қазақ еліне алғысымыз шексіз. Қиын кезеңде халқымызды бауырына басты, соңғы нанын бөліп жеді. Қазірдің өзіңде бауырластарымызға бар жағдайды жасауда. Ынтымақтастығымыз әрі қарай да жалғаса береді деп ойлаймын», — деді Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньска.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясын 200-жуық жас тәмамдады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *