Облыста «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Шара барысында полицейлер ер адамнан шолақ мылтық пен қолдан жасалған граната тәркіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
СҚО аудандарының бірінде полицейлер 61 жастағы ауыл тұрғынынан бірқатар тыйым салынған заттар тапты. Олар: «ТОЗ-34» қос ұңғылы шолақ мылтық, қолдан жасалған жарық-дыбыстық граната, қолдан жасалған дүмі бар аңшылық мылтықтың ұңғы қорабы, гильзалар және патрондар жасауға арналған құралдар. Айта кету керек, ер адамда 2005 жылға дейін аңшылық билеті болған.
Оның айтуынша, шолақ мылтықты үйінің шатырынан тауып алған. Ал механизмді қоқыс орнынан алған, гранатаны отшашу ретінде пайдалану үшін өзі жасаған. Мұндай қолдан жасалған «пиротехниканың» өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ойламаған. Қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер облыс тұрғындарын тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыруға шақырады. Қаруды өз еркімен тапсыру, оны заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.
«Профилактикалық шара барысында полицейлер 260 үйді, шаруашылықты және жайылым жерлерді аралады. Нәтижесінде заңсыз сақталған 11 қару мен 32 оқ-дәріні тәркіледі. Жыл басынан бері СҚО-да барлығы 59 атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 6 ойық ұңғылы қару және 3 шолақ мылтық», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Арал теңізінің тартылуы жайлы шара өтті

