Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты жаңа жүйе енгізілуі мүмкін. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін бұзғандарға айыппұлмен қатар «штрафтық балл» есептеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа жүйеге сәйкес, әрбір жол ережесін бұзу дерегі белгілі бір баллмен бағаланады. Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіп бұзушылықтың ауырлығына қарай жүргізушіге 1-ден 3 баллға дейін беріледі. Бұл балл айыппұлмен бірге есептеледі.
Ең маңызды өзгеріс — 20 балдық шек. Егер жүргізуші алғашқы тәртіп бұзушылықтан кейін бір жыл ішінде 20 балл жинаса, ол көлік жүргізу құқығынан автоматты түрде айырылады. Құқықты тек бір жылдан кейін ғана қайтаруға болады. Бұл үшін емтиханды қайта тапсыру талап етілмейді.
Қазір бұл жүйе пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Жоба 2026 жылғы 19 наурыздан 30 маусымға дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. ІІМ мен Бас прокуратура жүйенің техникалық мүмкіндіктерін және әлсіз тұстарын тексеріп жатыр.
Егер пилоттық жоба тиімді деп танылса, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйенің мақсаты — жазаны қатайту ғана емес, жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді тәртіпке шақыру және жолдағы қауіпсіздікті арттыру.
Тағы оқыңыз: Еліміздің Бас мүфтиі Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышта атап өтуге шақырды

