Петропавлда «ClearFest» экологиялық марафоны өтті. Тазалық шарасы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шараға белсенділер, волонтерлер мен студенттер жиналды. Тазалық шарасы Ойқала ықшам ауданында өткізілді. Қатысушылар алты адамнан құралған үш командаға бөлінді. Олар 40 минут ішінде барынша көп қоқыс жинау үшін бір-бірімен жарысты.
«Ойқала ықшам ауданына тазалық қажет екенін байқадық. Осы аумақты таңдап, тұрғындарға көмектесуді жөн көрдік. Мұндай экологиялық бастамалар маңызды. Себебі, қазір көктем мезгілі, қыстан қалған қоқысты жинастыру қажет. Жерлестерімізді осы сияқты акцияларға қатысуға шақырамыз», — деді «Жастар рухы» ЖК СҚОФ төрайымы Жадыра Жолкенова.
Экомарафон басталған сәттен-ақ жастар іске білек сыбана кірісті. Шара соңында жиналған қоқысты таразыға тартып, жеңімпаздарды анықтады. Ең көп қоқыс жинаған топқа бағалы сыйлықтар табысталды.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері президенттік көпсайыстан ел чемпионатында топ жарды

