Қазақстанда 10 мамырдан бастап негізгі ҰБТ басталды. Бір аптаның ішінде 41 мыңнан астам түлек тест тапсырған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Талапкерлердің 67 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 103 адам ағылшын тілінде тапсырды. Қорытындыларға зер салсақ, бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 57 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 58 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Айта кету керек, талапкерлер қорытындыға наразы болса тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Сонымен қатар, ҰБТ-ның бірінші аптасында 86 ереже бұзушылық анықталды. 46 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 40 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижелері толығымен жойылды.
ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады. Естеріңізге сала кетсек, ел бойынша 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Оның үш мыңнан астамы — теріскейлік түлектер.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жастар қоқыс жинап жарысты

