Бірлескен жұмыстың нәтижесі! Мағжан Жұмабаев ауданында ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Мал азығы ұнын өндіретін диірмен кешені жұмысын бастады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл – инвестициялық жоба. Кәсіпорынның ашылуы үшін қытайлық компания мол қаржы құйған. Өндіріс орнының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Абай Казисов, қытайлық серіктестер мен тұрғындар қатысты. Айтулы жиын барысында келген меймандар жылы лебізін білдірді.

«Қазіргі таңда кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етеді. Қытайлық 500 млн теңге инвестиция құйды. Тағы 1 млрд теңгедей тартуды жоспарлап отырмыз», — деді «Silk Way Link» ЖШС директоры Алмас Кенжебаев.

Кәсіпорынның жылдық қуаты 120 мың тоннадан асып жығылады. Диірмен кешені мал азығы ұнын өндіруге арналған 4-5 сұрыпты дәнді-дақылдарды жергілікті диқандардан сатып алады. Өндіріс орнында арнайы шикізатты қабылдау және сақтау орны бар. Мұнда роботтандырылған жүйе іске қосылған.

Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін мұнда 100 адам еңбек етеді. Бұл ауданның жұмыссыздық мәселесін шешуге өз ықпалын тигізеді. Шымкенттің тумасы Нұрбол Ержановтың теріскейге көшіп келгеніне 5 жылдан асқан. Азаматтың 5 баласы бар. Ол өзі тұрып жатқан ауданда осындай өндіріс орнының ашылғанына дән риза.

«450 мың теңге айлық аламын. Барлығы жақсы, өзіме ұнайды. 1 күн істеп, 1 күн демаламын. Ең бастысы отбасымның жанындамын», — деді «Silk Way Link» ЖШС Нұрбол Ержанов.

2026 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 27 млрд теңгенің 10-ға жуық инвестициялық жобасы жүзеге асырылады. Бұл шаралардың барлығы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономиканы дамытуға және жұмыссыздық санын азайтуға бағытталған. Айта кету керек, диірмен кешенінен шыққан өнімнің барлығы Қытайға экспортталады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан турнир басталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *