Бүгін Ұлы Жеңіске 81 жыл толды. Тарихы терең, ұлы мерекеге орай солтүстікқазақстандықтар «Мәңгілік алау» ескерткішіне жиылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Мәңгілік алау» алаңында ине шаншар орын жоқ. Теріскейліктер ата-баба рухына тағзым етуге келді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

СҚО тұрғындары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым етті
СҚО тұрғындары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым етті

«Сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлық пен қайсар рухтың, шексіз жанқиярлық пен темірдей тәртіптен құрылған бірліктің арқасында Отанымыздың азаттығы сақталып қалды. Қанды майдан даласында жанын шүберекке түйіп, шайқасқан жауынгерлердің ерлігі мен тылдағы тынымсыз еңбек еткен жандардың қажырлы қайраты, төзімділігі мен табандылығы бүгінгі бейбіт өміріміздің берік іргетасын қалады. Олар Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақтың бақыты жолында өздерін аямады. Сондықтан олардың ерліктері мен адалдықтары ешқашан ұмытылмайды. Бұл ерлік халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетеді», — деді СҚО әкімі.

Ескерткішке гүл шоқтарын қоюға келген жандардың санында есеп жоқ. Барлығы лаулаған алауға көз салды, майдангерлерді еске алды. Әрқайсысының әкесі мен атасы және туғандары соғысқа қатысқан. Қиын-қыстау шақтағы жандардың ерлігі мен еңбегі мың беттік кітапқа сыймайды. Оларды еске алу – жалпыға парыз.

Жерлестеріміздің тілегі бір – еліміздің амандығы, соғыстың болмауы. Біреу білсе, біреу білмес, Екінші дүниежүзілік соғыс табаны күректей 1418 күнге созылды. Қан майданды бастан өткерген 55 солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Тағы оқыңыз: Соғыс жылдарының естелігі: Петропавлда тарихи-танымдық шара өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *