Жеңіс күні қарсаңында Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов Александр Алексеевич Татьянченконы құттықтады. Кездесудің себебі тек алдағы мереке ғана емес, ардагердің мерейтойы да болды. Биыл тыл еңбеккері 90 жасқа келді, деп жазады Qazaqstan Media.

Александр Алексеевичтің өмір жолы — ерекше еңбекқорлықтың айқын үлгісі. Ол ауыр соғыс жылдарында-ақ бала кезінен еңбекке араласқан. Әскер қатарында қызмет еткеннен кейін ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында еңбек етті. Қарапайым комбайншыдан совхоз директорының орынбасарына дейін көтерілді.

Оның адал еңбегі жоғары марапаттармен бағаланған: Ленин ордені, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендері. 2024 жылы оның марапаттарының қатары «Еңбек ардагері» орденімен толықты. Қазіргі таңда ардагер туған жері — Возвышенка ауылында тұрады.

«Оның жақындары әрдайым қасында. Қазіргі таңда ардагердің төрт баласы, он үш немересі және он тоғыз шөбересі бар. Жасы ұлғайса да, Александр Алексеевич өмірге деген сергек көзқарасын сақтап келеді», — деп хабарлады Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі.

Аудан басшысы ел дамуына қосқан көпжылдық еңбегі үшін алғысын білдіріп, тыл еңбеккеріне естелік сыйлықтар табыстады. Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданында 86 тыл еңбеккері тұрады. Мерекелік күндері олардың әрқайсысына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік органдар өкілдері, ауыл шаруашылығы басшылары, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, алғыс білдіріп, қажетті көмек көрсетуде.

Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында ел қорғандарына құрмет көрсетілді

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *