СҚО-да бір аптаның ішінде кене шағу фактілері төрт есеге көбейген. Дәлірек айтсақ, сәуір айы басталғалы 39 адамды зиянкес шаққан, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өткен аптада ғана 10 жерлесімізді кене шаққанын айтқан едік. Небәрі жеті күннің ішінде бұл көрсеткіш төрт есеге өскен. Оның 35 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Қуанышқа орай, кене энцефалиті тіркелмепті.
Аталған статистикамен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлісті. Мамандар тұрғындарға кене шаққан жағдайда не істеу керектігін айтты.
«Адамды кене шаққан кезде дене қызуы көтеріліп, басы ауырады. Кейін бөртпелер пайда болады. Ауру 10-12 күнге созылады. Егер энцефалит тасымалдаушы жәндік шағып алса, адам мүгедек болып қалуы ғажап емес. Тіпті, өмірімен де қош айтысуы мүмкін.
Кенеден қорғанудың ең оңтайлы әдісі – вакцина алу. Тіркелген емханада кез келген азаматқа энцефалитке қарсы дәрі тегін егіледі», — деді мамандар.
Тағы оқыңыз: Қазақ көктемді қалай таныған?

