2026 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстанда бірнеше маңызды өзгеріс енгізіледі. Олардың қатарында мобильді аударымдарға салықтық бақылау,  жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

15 сәуірге дейін банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына жібереді. Алайда бақылауға барлық аударым түспейді. Ол үшін ақша 100 және одан да көп адамнан түсуі керек. Мұндай аударымдар үш ай қатарынан қайталануы және жалпы сома 1 020 000 теңгеден асуы тиіс. Тек осы талаптар қатар келген жағдайда ғана адам салық органдарының назарында болуы мүмкін.

1 сәуірден бастап АИ-92 бензиніне, дизель отынына және коммуналдық қызмет тарифтеріне қойылған мораторий де аяқталады. Бұл шектеу 2025 жылдың қазанынан бері күшінде болған. Үкімет коммуналдық тарифтердің өзгерісі кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүреді деп күтеді.

Мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібі де жаңарады. Әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс толықтай eqyzmet порталы арқылы цифрлық форматта өтеді. Іріктеу мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқарады. 

Сәуір айынан бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кетсе де, оны eGov.kz порталы және eGov Mobile арқылы онлайн ауыстыра алады. 

Сондай-ақ сәуірден бастап қару айналымына қатысты талаптар күшейеді. Азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы қару иелері бақылау ату рәсімінен өтуге міндеттеледі. Егер бұл талап орындалмаса, Ішкі істер министрлігі рұқсатты уақытша тоқтата алады. Ал қызметін тоқтатқан заңды тұлғалар қару мен оқ-дәріні ішкі істер органдарына сақтауға өткізуі тиіс.

Бұдан бөлек, 1 сәуір мен 30 маусым аралығында Қазақстанда кейбір азық-түлік түрлеріне ең төменгі баға белгіленеді. Бұл талап ЕАЭО елдерінен әкелінетін және отандық өнімдердің жекелеген түрлеріне қатысты болады. Атап айтқанда, сүзбе, балқытылған ірімшік, жұмыртқа, картоп, қырыққабат, сәбіз, алма, ұн, күнбағыс майы мен макарон өнімдері осы тізімге енген.

Тағы оқыңыз: СҚО-да балық аулағандарға айыппұл салынады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *