Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Ортақкөл ауылында тұратын Өзбековтер әулеті де республикалық референдумнан шет қалмады. Былтыр «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанған өнегелі үйелмен елмен бірге маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Түске таман әулеттің үлкендері балаларын ертіп, жергілікті референдум учаскесіне келді. Отбасы мүшелері бұл күннің ел өміріндегі маңызын терең түсінетіндерін көрсетті. Отағасы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, отанасы ұстаздық қызмет атқарады. Қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген шаңырақ иелері ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Өзбековтер отбасы үшін референдумға қатысу — азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әулет мүшелері Ата заңға әрдайым құрметпен қарап, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерден тыс қалмауды жөн санайды.
«Бүгін — айтулы күн. Еліміздің, балаларымыздың болашағы үшін отбасымызбен бірге дауыс беруге келдік. Әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Сондықтан мұндай саяси науқаннан ешқашан шет қалмаймыз», — деді Кәмшат Өзбекова.
Ортақкөлдегі өнегелі отбасының бұл қадамы көпшілікке үлгі болды. Елге жанашыр, ұрпақ тәрбиесіне мән беретін отбасының референдумға белсенді қатысуы — бірлік пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Тағы оқыңыз: Киров зауытының қызметкерлері референдумға белсенді қатысуда


