СҚО-да барлығы 364 767 азамат дауыс беру тізіміне енгізілген. Оның ішінде 4145 — алғаш рет дауыс беретін азаматтар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Референдум күні жалпы өңір бойынша 596 референдум комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оның 15-і – аумақтық, ал 581-і – учаскелік референдум комиссиялары. Оларда 3300-ден астам адам жұмыс істейді.
Петропавл қаласында 157 493 дауыс беруші азамат тіркелген. Жалпы қала бойынша 98 учаске бар. Сонымен қатар, облыс бойынша 13 жабық референдум учаскесі бар. Оларда дауыс беру аяқталды.
«Референдумның барысын бақылау үшін қазіргі таңда учаскелерде мыңнан астам байқаушы тіркелген. Олардың барлығы — орталық және аумақтық референдум комиссияларында аккредиттелген ұйымдардың өкілдері»,-деп хабарлады аумақтық сайлау комиссиясы. Облыста екі мыңнан астам мүгедектігі бар адам референдумда дауыс береді. Олар денсаулығына байланысты учаскеге келе алмаса, үйлерінде өз таңдауын жасауға мүмкіндік жасалады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша сағат 14.00-ге дейін өңір тұрғындарының 52,37% дауыс берген.
Тағы оқыңыз: ҚР ІІМ: референдум күні қоғамдық тәртіп толық бақылауда


