8 наурыз күні кешкісін, көпшілік мерекені атап өтіп жатқан сәтте Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 41 жастағы әйел шұғыл түрде жеткізілді. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төндіретін жарақатты дер кезінде анықтап, жедел операция жасап, аман алып қалды, деп жазады Qazaqstan Media.
Науқас сол жақ бүйіріндегі ауырсыну мен қансыраған жарақатқа шағымданған. Әйелдің айтуынша, жарақатты ол ауруханаға түсерден шамамен екі сағат бұрын үйінде алған.
Пациентті кезекші хирург пен реаниматолог қарап, жарақаттың сипаты мен ішкі ағзаларға зақым келуі мүмкін екенін ескеріп, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдаған. Әйел бірден операция бөліміне жеткізілген.
Дәрігерлер іш қуысына диагностикалық лапаротомия жасап, тексеру барысында париетальды ішперденің жарақаттанғанын және оның айналасында гематома пайда болғанын анықтаған. Жарақат түйіндік атравматикалық тігістермен тігілді. Қосымша тексеру кезінде тік ішек аймағында екі гематома бары белгілі болды. Басқа ішкі ағзаларға зақым келмеген.
Операциядан кейін жараға тігіс салынып, аяғындағы жарақат та өңделіп, тігілген. Шұғыл операцияны хирургтер Алексей Сынтин мен Жамшид Өмірұзақов, анестезиолог-реаниматолог Әділхан Қалиев және операциялық мейіргер Рузана Гундарева жүргізді.
«Операция асқынусыз өтті. Науқас оянғаннан кейін біраз уақыт жансақтау бөлімінде бақылауда болып, кейін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды»,-деп хабарлады мамандар.
Қазір пациенттің жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа деп бағаланып отыр. Ол хирургия бөлімшесінде операциядан кейінгі ем қабылдап жатыр.
Тағы оқыңыз: Паралимпиадада атой салған жерлесіміздің жеңіс жолы


