Бірер күн бұрын жерлесіміз Ербол Хамитов парашаңғыдан Паралимпиаданың қола жүлдегері атанды. Осы ретте редакция тілшілері теріскей мақтанышының жеңіс жолын зерттеп көрді. Бар ақпарды спортшы «Instagram» парақшасында жариялады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ербол Хамитов 2022 жылы Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарында спринтте іріктеу кезеңінен өте алмады. 15-ші орынға табан тіреді. Бірақ, жерлесіміз еш мойымады. Талмай еңбек етіп, талай дүбірлі додада топ жарды. Қажырлы еңбектің нәтижесінде Паралимпиаданың қола жүлдегері атанып отыр.
Осы жолғы жеңіс бөлек әңгіме. Спортшымыз іріктеуден сәтті өтіп, алтыншы орынды иеленді. Жартылай финалда басқаларынан оқ бойы озық болды. Ал ақтық бәсеке нәтижесін бәріміз жақсы білеміз.
«Мені екінші орыннан бар болғаны 0,03 секунд бөліп тұрды. Ал алтын жүлдеге дейін 1 секунд жетпей қалды. Шынымды айтсам, бұл ойындардағы бәсекелестік өте жоғары болды. Әлемнің ең мықты спортшылары жиналды. Мен үшін бұл қола жүлде алтыннан да қымбат», — дейді жерлесіміз.
Алтын алған қытайлық спортшы жартылай финалда Ерболмен бірге жүгіріп, төртінші орын алған. Қорытынды бойынша ол финалға өтпепті. Бірақ канадалық спортшының ереже бұзғаны анықталып, 3-орынмен финалға өтті. Ал финалда ол жарысты жеңіп шықты.
«Старттан кейін бір спортшы үнемі жолымды жауып, басып озуыма мүмкіндік бермеді. Сол себепті мәре алдындағы соңғы өрге дейін мен көп күш жұмсадым. Ал арт жағымда келе жатқан қытайлық спортшы жағдайды бақылап отырды және фиништік түзуге күшін сақтап кіріп, жақсы жұмыс істеді», — деді Ербол.
Тағы оқыңыз: «Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған»: Тоқаев ел жастарына үндеу жасады


