15-ші наурыз Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалмақ. Бұл күні жалпы халықтық референдумда жаңа Конститутцияның қабылдануы не қабылданбауы туралы халық шешім қабылдайды. Саяси тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да жаңа Ата заңның заман талабына сай жазылғаны анық. Осы орайда саясаткер, ғалымдардан бастап кәсіпкерлер, заңгерлер, қарапайым ауыл азаматтары да жаңа Конституцияны қолдап отыр. Ақжарлық кәсіпкер Тажиден Қабдрахманов та жерлестерін референдумға қатысып, өз дауыстарын беруге шақырады, деп жазады Qazaqstan Media.
Тәжиден Қабдрахманов – туған жерінің дамуына көп жылдан бері адал еңбек етіп келе жатқан азамат. Өмірін ауыл шаруашылығына арнап, 2004 жылы «Кусумус» шаруа қожалығын құрды. Алғашында бір ғана трактор мен бірнеше ауыл шаруашылығы техникаларынан басталған шаруашылық бүгінгі күні ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған тұрақты кәсіпорындардың біріне айналды.
Кәсіпкердің айтуынша, ауылдың дамуы мен елдің болашағы мемлекеттік реформаларға және азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты.
«Конституция – мемлекеттің басты тірегі, ел болашағының негізі. Сондықтан әр азамат өз азаматтық ұстанымын білдіріп, референдумға қатысуы керек деп есептеймін. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – дейді Тәжиден Қабдрахманов.
Оның пікірінше, жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына әсер етеді. Демократиялық құндылықтардың нығаюына және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің артуына ықпал етеді.
Тәжиден Қабдрахманов ауыл шаруашылығын дамытуымен қатар, туған ауылының әлеуметтік өміріне де белсенді араласып келеді. Ол ауыл мектебіне қолдау көрсетіп, түрлі қоғамдық бастамаларға қатысады. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосып жүр. Бүгінде оның балалары да әке жолын жалғап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде.
«Еліміздің болашағы әрқайсымыздың таңдауымызға байланысты. Сондықтан жерлестерімді референдумға келіп, ел тағдырына бейжай қарамай, өз дауыстарын беруге шақырамын»,– дейді кәсіпкер.
Тағы оқыңыз: СҚО-да халықаралық әйелдер күніне орай ауқымды мерекелік концерт өтті


