Прибрежное ауылында жергілікті тұрғындармен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға шамамен 50-ге жуық ауыл тұрғыны қатысты. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері де қатысты,деп жазады Qazaqstan Media.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы жан-жақты түсіндірілді. Қатысушыларға құжаттағы негізгі өзгерістер, олардың қоғам өміріне, әлеуметтік саясатқа және еңбек қатынастарына ықпалы кеңінен баяндалды. Әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту, әлеуметтік кепілдіктерді арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Мектеп ұжымы мен агроқұрылым қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Талқылау барысында еңбек адамының мәртебесін арттыру, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жастардың құқықтық сауаттылығын көтеру сынды өзекті мәселелер қозғалды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Қ. Бижанов сөз сөйлеп, Конституция жобасын талқылау – әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымының көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, маңызды шешімдерді қабылдауда қоғам пікірінің ескерілуіне жол ашады.
Шара соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы бойынша толыққанды ақпарат алғандарын айтып, қоғамдық талқылауға белсенді атсалысуға дайын екендерін білдірді. Осындай түсіндіру кездесулері әрбір тұрғынға құжаттың мән-маңызын терең ұғынып, өз дауысының маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің тәрелке сындыру рәсімі өтті

