Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының басталуы әдетте наурыздың үшінші онкүндігі мен сәуірдің алғашқы күндеріне сәйкес келеді. Қазгидромет мамандарының алдын ала есептеріне сенсек, Есіл өзенінде су деңгейі қауіпті межеден асуы мүмкін, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазгидромет мәліметінше, облыс аумағында 19 тұрақты гидробекет жұмыс істейді. Бірінші ақпаннан бастап ақпан–мамыр аралығында әрекет ететін тағы сегіз маусымдық бекет іске қосылған. Қар қоры мен оның суға шаққандағы мөлшерін анықтау үшін 33 далалық қарөлшеу бағыты пайдаланылады. Бұған қоса, ТЖД-мен бірлесіп жыралар, сайлар мен өзен арналары бойынша 1200 шақырымдық маршруттық тексерулер жүргізіп келеді.
«1 ақпандағы жағдай бойынша қардағы су қоры көпжылдық көрсеткіштерден 26–40%-ға төмен. 2025 жылмен салыстырғанда облыстың басым бөлігінде бұл көрсеткіш 45%-ға аз. Кей жерлерде өткен жылғы деңгейге жуық. Сонымен бірге топырақ 45–132 см т ереңдікте қатқан. Былтырмен салыстырғанда көп аумақта 12–67 см-ге ұлғайған»,-деп хабарлады мамандар.
Мамандардың айтуынша, қарашадан бері жауын-шашын көлемі облыстың басым бөлігінде нормадан 17–61%-ға көп түскен. Ақпан айында да жауын-шашын көп аумақта нормадан жоғары болады деп күтіледі. Осы факторлар ескеріліп, қауіпті аумақтар үш санатқа бөлінген.
Жоғары тәуекел: Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары және Петропавл қаласы.
Орташа тәуекел: Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев, Айыртау аудандары.
Төмен тәуекел: Мамлют, Жамбыл, М. Жұмабаев, Аққайың аудандары.
Алдын ала болжам бойынша Сергеев су қоймасына көктемгі тасқын суының келуі 958–2072 млн м³ болуы мүмкін (норма — 1296 млн м³). 2026 жылғы 1 ақпандағы нақты көлем 684 млн м³, су қоймасының толуы 99% деңгейінде.
Қазгидромет 1 наурыздан бастап күн сайын гидрологиялық бюллетень шығарып, негізгі гидрологиялық болжамды жариялайтынын хабарлады. Ал 15 ақпаннан бастап бақылау желісі қар түсірілімдерін әр 5 күн сайын жүргізуге көшеді.
Еске салайық, бұл — орташа мерзімдерге сүйенген алдын ала болжам. Деректер синоптикалық жағдайларға қарай нақтыланып отырады.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы әр екінші еңбек инспекциясына түскен өтініш әйел құқығының бұзылуына байланысты


