Биыл Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға 30 жыл толып отыр. Мерейтой аясында ұлттық құндылық пен заманауи білімді ұштастырған білім ұясында ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шарапаты мол шараға «Адал азамат және Абай мұрасы: рухани кемел ұрпақ тәрбиесі»тақырыбы арқау болды. Ұлы ойшылдың өмір жолы арқылы ар-ұятты ту еткен, білімге құштар, елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастарды тәрбиелеуге болады. Бұл сөздерді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан болатын.
«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуы тиіс. Оның ой талғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қара сөз бен көркем ойдың иесі Абай Құнанбайұлының мұрасы — жастар үшін сарқылмас байлық. Біртуар азаматтың аманатын дәріптеу — ұрпақ борышы. Ұлы тұлғаны талай жылдар бойы зерттеген Мұхтар Әуезовтің өзі «Абай — мұхит, Абай — теңіз, ал мен оның бір ғана тамшысын зерттей алдым» деген екен. Сондықтан, біз білмейтін құнды дүниелер әлі де жетерлік.
Бүгінгі өтіп жатқан шарада ойшылдың жүріп өткен жолы жайлы зиялы қауым өкілдері кеңінен айтты. Қалалық классикалық гимназияның тұңғыш директоры Жангелді Тәжин қазіргі таңда облысымызда «Адал азамат» бағдарламасының жүзеге асуына зор үлесін қосып жүр. Жеткен жетістіктер де аз емес.
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға — 30 жыл
«Адал азамат» бағдарламасы 6 бағыттан тұрады. Соның бірі — ардагерлердің жастармен кездесуі, баға жетпес ақылдарын айтуы. Біз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуда ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз», — С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның тұңғыш директоры Жангелді Тәжин.
30 жылдың ішінде білімнің еңселі ордасы — қалалық классикалық гимназиядан мыңнан астам жас түлеп ұшты. 27 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Киелі ордада тәлім алған жастар қазіргі таңда еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосуда.
«30 жыл — жай ғана уақыт емес. Бұл — талай ұрпақтың тағдырымен, талай ұстаздың еңбегімен келген тарихи белес. Гимназиямыздың басты миссиясы — тек білімді ғана емес, адал, жауапты, елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу», — деді мектеп директоры Бақыт Алдабергенова.
30 жыл — өткенге есеп беретін емес, келешекке серт беретін уақыт. Алдағы уақытта да қарашаңырақ ұжымы адал азамат тәрбиелеудегі жұмысын жалғастыра бермек.