Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Соның салдарынан Петропавл қаласының тұрғыны пәтерін сатып, шамамен 15,5 миллион теңгеден айырылған, деп жазады Qazaqstan Media.
58 жастағы қала тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін электр энергиясын жеткізуші компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Электр есептегішті түзету үшін сізге sms арқылы келген нөмірді айтып жіберіңіз, дегенге сеніп, ер адам төрт таңбалы кодты айтып берген.
Көп ұзамай оған тағы бір адам хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырған. Алаяқтар оның атына онлайн-несие рәсімдеуге өтінім бергенін айтып, «бұл несиелерді жою үшін сізбен біздің аға маман жұмыс істейді»- деп сендірген.
Кейін алаяқ жәбірленушіні «айна» несиелерді рәсімдеуге және қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Бұдан соң қылмыскерлер ер адамды оның пәтері алаяқтар тарапынан саудаға қойылды деп алдап, мұның алдын алу үшін тұрғын үйді шұғыл түрде өзі сатуы керек екенін айтқан. Нәтижесінде жәбірленуші бір бөлмелі пәтерін сатып, түскен ақшаны тағы да «қауіпсіз шотқа» аударған. Алайда бұл қаражат та алаяқтардың қолына түскен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 15,5 миллион теңгені құрады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмысты тергеп, оған қатысы бар адамдарды, соның ішінде ақшаны шетелге шығаруға пайдаланылған «дропперлерді» анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Сурет ЖИ арқылы жасалды
Тағы оқыңыз: Қозыбаев университетінің өкілдері оңтүстік өңірлерді аралады

