«Qyzyljar» creative орталығында халықаралық «AITU KazRoboDrone» cайысының облыстық кезеңі өтті. Оған өтініш білдірген 87 өңір тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Олар 3 бағыт бойынша сынға түсті. Конкурстың біздің аймақта өткізілуіне себепкер болып отырған — SKO Hub орталығы. Ұйым директоры Нұргүл Болатованың айтуынша, бұл жарыс өңірдегі дрон саласының дамуына септігін тигізеді.

«Осы жылы біз үш бағытты қамтыдық. Олар — симулятордағы дронрейсинг, авиамодельдеу және FVP мини-вуп дрондарымен жарыс. Қатысушылар бұл бағыттарда үш жас санатына бөлінді. Жалпы, AITU KazRoboDrone конкурсын 2-ші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Сайыстың ақтық сыны Астана қаласында өтеді. Оның ұйымдастырушысы — Astana IT university. Олармен тығыз байланыс орнаттық, меморандумға қол қойылған. Енді бұл бағытта ілкімді жұмыстар атқаруға ниеттіміз.», — деді SKO Hub орталығының директоры.
Бүгінгі конкурстың FVP мини-вуп дрондарымен дронрейсинг, яғни кедергілерден өту бағытында Илья Амелин қарсылас шақ келтірмеді. Жасөспірім дронды епті басқарып, кедергілерден мүдірмей өтті. Нәтижесінде жеңімпаз атанды.

«Жақында менде кішкентай дрон пайда болды. Онымен көп жаттықтым. Бұл аппарат жылдам, тез ұшады. Маған сонысы ұнады. Өткен жылы аталмыш жарыста симулятор бағыты бойынша жеңімпаз болдым. Биыл мини-вуп санатында жеңіс бұйырды, өте қуаныштымын. Енді Астана қаласында топ жаруға тырысамын», — деді оқушы Илья Амелин.
Айта кетейік, AITU KazRoboDrone сайысының ақтық сыны Астана қаласында ақпанның 19-ы мен 20-сы аралығында өтеді. Конкурста 10 мемлекеттен келген дрон басқару шеберлері кіл мықтыны анықтайтын болады. Халықаралық конкурсқа 7-і жерлесіміз қатысады.
Тағы оқыңыз: Былтыр СҚО-да күзет құрылымдары 15 қылмыстың ашылуына септескен

